Нұрышева Гүлжиһан Жұмабайқызы

Философия ғылымдарының докторы, профессор-зерттеуші, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Қазақ философиясы» Ғылым және Білім орталығының директоры. 1980 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философ, философ-оқытушы мамандығын тәмәмдаған. 2003 жылы Философия ғылымдарының докторы, 2006 жылы Профессор ғылыми атағын алған. Еңбек жолын Гурьев педагогикалық институтының философия кафедрасында оқытушылықтан бастаған, ары қарай Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде доцент, Қазақстан-Британ техникалық университетінің философия кафедрасының меңгерушісі, профессор болған, қазір Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының профессоры. 2020 жылдан бері – ҚазҰУ профессоры-зерттеушісі және «Қазақ философиясы» Ғылым және Білім орталығының директоры. Ғылыми, оқу-әдістемелік қызметіне келер болсақ, Философия ғылымының қазақ философиясы, философия тарихы, философиялық антропология, ғылым философиясы, әлеуметтік философия бағыттары бойынша отандық басылымдарда және Web of Science, Scopus базаларына кіретін ғылыми журналдарда, Sрringer баспасында жарық көрген мақалалардың, сондай-ақ келесі еңбектердің авторы: «Адам өмірінің философиялық мәні», «Өмірдің мәні: философиялық-антропологиялық талдау», «Жыраулар шығармашылығының философиялық-антропологиялық мазмұны»,«Фридрих Ницшенің философиясы мен өмірі туралы очерктер», «Қазақ философиясының тарихы. Ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін» (4-том, 1.2; 5-том, 1.3). «Абайдың философиялық іліміндегі «толық адам» тұжырымдамасы және қазіргі заман» (1.3, 1.4), «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» (3-тарау), «Energy Justice Across Borders» (Springer, 2019, рр.69–87). Одан бөлек, «Общественное сознание казахского общества конца 19-начала 20 века», «Философия тарихы», «Философия», «Әл-Фараби және қазіргі заман», «Еуропалық Орта ғасыр және Қайта Өркендеу философиясы», «Философиялық антропология», «Philosophy», «The problem of the meaning of life in Kazakh Philosophy», «Философия пәнінен хрестоматия» (І, ІІ, ІІІ том), «Ғылыми таным философиясы» (қосавторлық), «История казахской философии» (қосавторлық), «Әл-Фараби: таным тағылымы» (қосавторлық) және басқа оқулықтардың авторы. Гүлжиһан Жұмабайқызы ғылыми жобалар мен бірқатар аудармалардың да авторы. Атап өтсек, «Өзгермелі әлемдегі Қазақстан: әлеуметтік-мәдени импульстер және Еуразиялық өркениет бағыттары», «Жаңа жаңғыру (Индустрия 4.0): мәселелер, перспективалар және регулятивтер», «Абайдың философиялық іліміндегі «толық адам» тұжырымдамасы және қазіргі заман», Erasmus+ Jean Monnet бағдарламасы аясындағы «Digital Humanities in the Republic of Kazakhstan: Local Solutions for Global Problems», Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберіндегі жобалардың ғылыми жетекшісі және орындаушысы. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы бойынша төмендегі оқулықтарды қазақ тіліне аударған:
– «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін», «Қазіргі заман философиясының бастауы», «Қазіргі заман философиясы», «Этика», «Жапон философиясы». Гүлжиһан Жұмабайқызы қоғамдық және редакциялық қызметтерді де қоса атқарған. Шолып өтсек, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» мемлекеттік жобасының редколлегия мүшесі, «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Хабаршысы. Философия. Мәдениеттану. Саясаттану Сериясы» журналының редакциялық алқа мүшесі, «Acta Baltica Historiae et Philosophiae Scientiarum» (Эстония) журналының редколлегия мүшесі. Осыншама атқарылған еңбек елесіз қалмаған. Гүлжиһан Жұмабайқызы «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен (2019 жыл) марапатталған және «Жылдың үздік оқытушысы» атағын (2019 жыл) алған.