-
Абай Құнанбаев

(1845-1904) - ақын, жазушы, қоғам қайраткері, философ, комрозитор. Қ. - әлемге көзқарасы қалыптасқан, өзіндік философиялық түйіндері бар ғұлама. Қ. рухани, даналық мұрасы терең мағыналы философиялық идеяларға толы. Ол күллі Шығыста философияның негізгі мәні болып табылатын «жетілген адамды» өзекті және басты мәселе етіп қарап, соған айрықша назар аударды. Адамгершілік туралы ілімді дамыта отырып, адамда адамгершілік, кісілік тұрғысынан жетілдіру қағидаларын, ұлттық эстетика мәселелерін алға тартты. Адамның шексіз танымдық мүмкіндіктері жөнінде, білім мен ғылымның әлеуметтік рөлі туралы, адамтану мәселелерін көтерді. Даналықтың өлшемі бола білген философ-ақынның рухани мұрасы шын мәнісінде, қазақ халқының зерделі ойы мен өмірі тұрғысындағы энциклопедия. Қ. философиясының тамыр алған негізгі үш қайнар көзі, ол ең алдымен қазақ елінің ұлттық рухы мен менталитетін, оның көкейкесті арманы мен даналық ойларын абыздық көрегенділікпен, өлеңмен өрнектеуді қазақ эпосынан үйренді. Сондай-ақ А. жүйелі ойларының үлкен бір арнасының қалыптасуына Шығыстың рухани қазынасының да ықпал-әсерінің аз болмағандығы сөзсіз. Өйткені ол күллі араб пен парсының батырлық дастаны мен жырларын, Шығыстың атағы жер жүзіне мәшһүр классик ақындарын, Әбу Жафар Мұхаммед ат-Табари, Рабғұзи, Рашид әд-Дин, Бабыр Захиреддин Мұхаммед, Әбілғазы Баһадүр ханның тарихи еңбектерін, сондай-ақ логика ғылымының негіздері мен мұсылмандық құқық, Шығыстың Шариғат қағидаларын ұғындыратын ғұламалар еңбектерін жетік меңгерген. Қ. шұрайлы филосоиялық ойлары, негізінен Шығыс ойшылдары мен ақындарының кемел пкірлерін айрықша шеберлікпен игергендігін көрсетеді. Қазақ кемеңгері Сократ, Платон, Аристотель еңбектерімен жақсы таныс болды. Сонымен қатар ол Спенсердің «Тәжірибелерін», Льюистің «Позитивтік философиясын», Дрепердің «Еуропа ақыл-ойының даму тарихы» атты туындылары мен Милльдің, Бокльдің және т.б. авторлардың шығармаларымен таныс болған. Батыстың өркениеті мен философиясы, қоғамдық ойдың даму тарихы, ғылым мен мәдениеті, Қ. рухани есею жолында зор ықпал етті. А. философиясының өзегі адам, сол адамның эстетикалық, этикалық талғамы, арман-мақсаты, өмірінің мәні, сезімі мен түйсігі болмысы мен ұлттық ойлау ерекшелігі. «Әрбір ғалым - хакім емес, әрбір хакім - ғалым», «Адапай тура іздеген хакімдер болмасадүние оран болар еді» - деген пікір ғұламаның философиялық көзқарасы. Жалпы Қ. философиялық, көркемдік әлеуметтік, гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі – «Қара сөздері».
-
Абд әр-Рахман Жами
(7.11.1414-9.11.1492) парсы ақыны, филолог, философ, музыка зерттеушісі. Гераттағы Дилкаш медресесінде, кейін Самарқандағы Ұлықбек медресесінде білім алған. Ондағы ғалымдармен тікелей араласып, олардың арасында білімділігімен даңқы шыққан. Гератқа оралған соң, сарай қызметінен бас тартып, сопылық жолға түскен. Ақын шығармаларында сопылықты насихаттау, халықтың азапты өміріне жаны ашып, қанаушыларды әшкерелеу қабаттаса жырланды. 1456 жылы Гератта Х. Байқараның сарайында қызмет атқарды, сонда Әлішер Науаимен танысты. А. әр-Р.Ж-дің алғашқы шығармасы – өз дәуірінің энциклопедиясы іспеттес, «Алтын шынжыр» дастаны, 1468 ж. Науаидің Х. Байқара сұлтанның уәзірі болуы ақын жағдайын жақсартты. Ақын діни философиялық қағидаларында сопылықтың Тәңірмен бірігуі, сүйіспеншіліке туралы категорияларындағы мистикалық мәннің жігін ажыратып, оған философиялық тұрғыда адамгершілік мағына берді. Адамға деген сүйіспеншілікті, гуманизмді, әдептілікті жырлады. Ол негізінен дінді жақтағанымен табиғат шындығын жоққа шығармады. А. әр-Р.Ж-дің даңқын шығарған туындылары лирикалық үш жинақпен жеті дастаннан тұратын «һәфт авранг» атты кітабы. Ал «Жүсіп-Зылиха» 1483, «Ләйлі-Мәжнүн» 1484, «Сүлеймен мен Ибсол» 1479-80 дастандары парсы әдебиетіндегі нағыз шыншыл гуманистік рухта жазылған туынды болды. «Бәһористан» 1487 атты прозалық шығармасында мұсылмандық шығыс әдебиетінің ірі тұлғалары, оның ішінде өзінің досы Науаи туралы құнды мәліметтер қалдырды. А. әр-Р.Ж-дің шығармалары қазақ халқына ертеден таныс. Олар 1968 жылы қазақ тілінде «Өлеңдер мен дастандар» атты жинақта жарияланды.
-
АНАРЫС, Анахарсис

(б.д.д. VI–VII ғғ.) – тарихта «Скиф Анахарсисі» деген атымен белгілі, сақ тайпасынан шыққан ғұлама. Шыққан тегі – патша тұқымынан, анасы – эллиндік. А-тің тікелей жазған еңбектері бізге жетпегенімен, ол туралы көптеген куәліктер, нақыл сөздері мен философемалары сақталған. А. туралы естеліктер Геродот, Платон, Аристотель, Плутарх, Диоген Лаэртский еңбектерінде кездеседі. Плутарх оны «әлемдегі жеті ғұламаның бірі» деп таниды. А. өмірінің біршама бөлігін Афинада өткізіп, атақты реформатор Солонмен достық қатынаста болған, Отанына қайта оралған соң, туысының қолынан қаза тапқан. А. мұрасы зерттеуде постмодерндік интермәтін (мәтіндегі мәтін) тәсілін ұтымды қол- дануға болады. Себебі, А-ке танылған ойлау үрдістері басқа авторларда сіл- теме және афоризмдер түрінде келтірілген. Диоген Лаэртскийдің «Атақты философтардың өмірлері, ілімдері, нақыл сөздері» атты еңбегінде А. айтты деген кейбір афоризмдерге назар аударайық: «Элладалықтар қызық осы: мұнда сөзді ақылдылар айтады да, ал мәселені ақымақтар шешеді», «Базар – адамдардың бірін-бірі алдап-арбап, ұрлап-жырлауы үшін әдейі жасалған орын». «Өлі көп пе, тірі көп пе?» деген сұраққа А. «Ал теңізде жүзіп жүр- гендерді қайсысына қосамыз?» деп қайыра сұрақ қойған екен. А-тің 800 жолдай өлеңінің біразы «Латын антологиясы» атты жинақта жарияланған. А-тің тұлғалық мәдениетін антикалық отырықшы және сақтық көшпелі өркениеттердің үйлесімді қосылуы деп қарастыруға болады. Ол эллиндік барлық дәстүрді алғысы келмей, кейбіреулерінің теріс екендігіне назар аударды. Бұл туралы А-тің мына бір жолдары тарих қойнауына келген:
«Адам алғашқы бокалды денсаулық үшін көтереді, екіншісін – көңілді болу үшін, үшіншісін – ар-ұятын жиып қоюға, төртіншісін – ақылынан алжу үшін көтереді». А-тың ғұмырбаяны мен ғұламалығы сол кездегі көшпелілердің мәдени өркениеттік дамуының айырықша көрінісі.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Ежелгі көшпелілер дүниетанымы. Т. 1. – Астана: Аударма, 2005.
-
Асан Қайғы Сәбитұлы

Мемлекет қайраткері, ақын, жырау, күйші, би, философ. Адам, қоғам, табиғаттың мызғымас бірлігі, адамның қоғамға, табиғатқа қатынасы Асан Қайғы философиясында ерекше мазмұнмен сипатталған. Өзінің философиялық жыр-толғауларында хандық үкіметті нығайту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажеттігін насихаттады. Сондықтан да Асан Қайғы дүние көрінісін сезінуі, толғануы, оның «Жерұйық» мекенін іздеуге бағыталған идеясының негізінде ашылған. Асан Қайғы қазақ халқының ұсақ хандарының басын біріктіріп, іргелі ел етпек болған Керей, Жәнібек сұлтандарды жақтайды. Шу мен Арал аралығында Қазақ ордасы құрылған кезде, ол жаңа мемлекеттің ұраншысына айналады. Ішкі саясатта жер-су, жайылым, қоныс үшін қақтығыстар мен қайшылықтарды реттеу, ел жұртының хал-ахуалын жақсарту мақсатында хан алдында өзінің «ымыраға келу» теориясын ұсынған. Сыртқы саясатта халқының өсіп-өркендеуіне ұйтқы болып, қазақ қоғамының үлгісін жасаған. Асан Қайғы аралаған жерлері – Моғолстан (Жетісу), Қыпшақ (Қаратау), Сарыарқа (Торғауыт), Байсын (Әлеу). Ол ноғайлы заманындағы аласапыран бүлікшілік кезеңінде өмір сүрген атақты ойшыл. Асан Қайғының Жерұйықты іздеуіндегі мәліметтерге жүгінсек, Ақ Ордадан бастап, Жеті өзенге дейін сапар шегеді. Дүниенің төрт бұрышын аралайды. Жер дүниені аралап қана қоймай, барған жерлеріне сын көзбен қарап, баға беріп отырған. Ол іздеген «Жерұйық» шырайлы қоныс қана емес, ел-жұртын сыртқы жаулардан қорғайтын жол - жаңа қоғамның үлгісі - қазақ халқын тарих санасында сақтап қалу бағдарламасы. Ол осы тарихи ойларын хандармен, сұлтандармен, билермен әсіресе, Жәнібек ханмен араласып жүріп, іске асырмақ болады. Асан Қайғы жеті жыл жаңа қоныс іздеп «Жерұйық» деп аталатын мекенді табады. Аңызға сүйенсек, елі мен жұртының болашағы туралы қатты қайғырып, толғанған абызды халық «Асан Қайғы» деп атаған. Күйлері: «Ел айрылған», «Асан қайғы», «Желмаяның жүрісі», «Зар».
-
Ат-Тирмизи Мұхаммед Бен Әли Әбу Абдаллах әл-Хаким
атағы шыққан суфистік ойшыл. Сегіз жыл діни ғылымдармен айналысып, дәстүрлі білім алған. 28 жасында Меккеге қажылыққа барып, жол бойы теологтармен сопылармен пікір таластыра отырып, өз білімін жетілідіре түседі. Оның ұстаздары атақты хорасандық шейхтар: Әбу Тураб ан-Нахшаби, Йахиа әл-Джалла, Ахмет Бен Хадравайхи т.б. болды. А.Т. аскеттік өмір сүрген, оның осы тұрмысын жергілікті халық қолдап, кейінірек ізін қуушылар, шәкіртер жинақтала бастайды. Ойшыл көзқарастарының басым бөлігі исламдағы дәстүрлер мәні, мистиктердің түрлі категориялары және қасиеттілік критерийлері мен «Құдайға деген сүйіспеншілік», «жан туралы», қайғырудың рөлі адам психологиясының терең білімділігіне куәгер тазару құралы ретінде, құбылмайтын инстинктерді ауыздықтау және өзін-өзі жетілдіру тәсілдері туралы тұжырымдармен астарланаған. «Печать Святых» деген еңбегінде, сондай-ақ мұсылман әлемінде алғашқылардың бірі болып Логос туралы жазған және осы ұғымды түсіндіру үшін «зікір» сөзін қолданған. Негізгі шығармалары: «Печать Святых» («Илал ашшари» а и Хатм аль-аулийа»). А.Т. пікірінше, құдіреттілік (вилайа) пайғамбарлық құдіреттілікке (нубувва) ұқсас уақыт бойынша шектелген және тіршіліктің соңында айқындалатын мөрмен белгіленген. Тәжірибе алушы сопылардың миситикалық тәжірибесінің мәнін қарастырған 80-ге тарта еңбектер жазған. А.Т. бұл еңбектері кейінірек шығысирандық суфизмде классикалық деп танылды. А.Т. сопылар биографиясының жинағының және сопылар тарихындағы алғашқы авторлардың бірі. Оның пікірінше, адамдардың жүрегіне қоныстанған «құдіретті жарықпен» теңестірілген адамға тиесілі жоғары білім, ол мистикалық «гносис» («марифа» немесе «хикма»). Ол шариғаттың мәнін түсіндіретін қарапайым білімді («илм») және «құдіреттілік мәнінің» құпия мағынасына алып келетін «гносисті» ажыратып берді. «Марифа» - таңдаулыларды атап өтетін Алланың сыйы болғандықтан дәстүрлі білімге оқу арқылы қол жеткіземіз. «Марифаның» шегі жоқ, ал «илмді» қолдану аясы мен уақыты шектелген. А.Т. пікірінше, «гносис» Құдайға жақын, оған ұмтылған, адамдарға ғана тән. Сопылар осы адамдар санатына жатады деп есептеген. Осы аттас атақты хадисші Әбу Иса Мұхаммед ибн Иса ибн Сура Ат-Тирмизи «әл-Жәми» хадистер жинағын құрастырған. Кейіннен бұл жинақ «Сунан ат Тирмизи» деп аталды, онда төрт мың хадис жинақталған. А.Т. хадситер жинағында: «бұл кітаптың тұрған үйі сөйлейтін Пайғамбар тұратын үйге ұқсас» деп айтып өтеді. А.Т. Алла туралы айтқан уақытта жиі көзіне жас алып, соның салдарынан өмірінің соңында зағип болып қалады.
-
ат-Туси Әбу Жафар Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Хасан Әбу Бәкр Насреддин
(18.2.1201, 25.6.1274) - математик, философ, астроном, әдебиет зерттеушісі. 1256 ж Хулагу ханның ордасына келіп, оның ақылшысы болған. Әзербайджандағы әйгілі Мараға обсерваториясының ғалымдары Ә.Ж. ат-Т-дің басшылығымен «Зидж Елхани» деп аталатын астрономиялық еңбек жазды. Ә.Ж. ат-Т-дің еңбектері ортағасырларда-ақ Еуропада кеңінен танымал болды. Ол Кухистанды билеуші Исмаил әулетінің сұрануымен этикалық тақырыпта «Ахлақи Насери» атты еңбек жазды. Оның Әбу Насыр әл-Фарабимен Әбу Әли ибн Синаның ғылыми философиялық еңбектеріне жазған түсініктері құнды дүние болып саналады. Ә.Ж. ат-Т-дің «Асас әл-иқтибас» атты логикалық кітабының 10-тарауы мен «Мизан әл-ашар» атты еңбегі поэзияның мәні мен өлшемдері, ұйқасы туралы жазылған. Сондай-ақ осы кітапта ол Мұхаммед Садуллахтың «Мизан әл-афкар» атты кітабына түсінік береді. Негізгі шығармалары: «Толық төртбұрыш туралы трактат», «Евклидті баяндау».
-
Ахмет Байтұрсынұлы

Ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түріктанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері, қазақ эстетикасының негізін қалаушы, 1913 ж наурызынан бастап жарық көрген «Қазақ» апталық газетінің редакторы. Ол әрбір аудармасының соңында өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес, гуманистік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды жалғастырушы. Ахмет қалдырған бай мұраның тағы бір саласы - көркем аударма. Ол орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем қазынаның бұл саласын байытуға мол үлес қосты. И.А. Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен жеке жинақ қылып бастырды. И.И. Хемницердің «Ат пен есек», А.Пушкиннің «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат» шығармаларын, орыстың лирик ақыны С.Я. Надсонның өлеңін қазақ тіліне аударды. Ахмет тілші ғалым ретінде қазақ тілінің табиғаты, өзгешеліктері, араб әліпбиінің жайы, терминдер, қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы мақалалар жазды. Қазақ грамматикасына қатысты қазақша ғылыми термин жасап, морфологиялық тұлға тәсілдерді жаңаша талдау, жаңаша анықтамалар берді. Қазақ фонетикасы мен грамматикасы талдауда тілдің типологиялық ерекшеліктері мен өзіндік даму барысын ескеру принципін ұстады. Ол қазақ тіл білімін XX ғ бас кезінде қалыптастырып, оның іргетасын қалады. Араб графикасына негізделген қазақ жазуының реформаторы. Ахмет өркениеттегі жіктеудегі басты мәселе географиялық факторлар, яғни климат, жердің топырағы, суы, кені, жан-жануары, демографиясы деп түсінген. «Шаруашылық өзгерісі, шаруашылықтың бір түрінен екінші түріне түскенше талай ғасырлар өткен. Мұны Еуропа тілінде «эволюция» деп атайды. Дүние ісі секіріп алға баспайды, эволюция жолымен жылжып, жылысып өзгереді». Өлеңдері: «Қырық мысал» аударма жинағы 1909, «Маса» 1911, негізгі қолжазбалары 1989 ж «Шығармалар» атты жинақта топтастырылған.
-
Ахмет Иүгінеки Югнаки Адиб Ахмед ибн Махмуд
(12 ғ. аяғы – 13 ғ. басы) түрік философы, ойшыл ақыны, «Хибатул хакаиктің» (Ақиқат сыйы) авторы. Иүгенек қаласынан шыққан ол жаратылысынан зағип болды. «Хибатул хакаиктің» 254 бәйіттен тұрады. И. шығармасы белгілі бір дүниеге көзқарастық детерминанттарды бар көркем мәдениеттің ескерткіштеріне жатады. И. еңбектері бір адамның бойында суретші мен философты ұштастырып, әлеуметтік құбылыстардың мәнін философиялық тұрғыдан танып білудің үлгісі болып табылады. Ол түркі халықтары дамуының ортағасырлық дәуіріндегі қоғамдық ой-пікірмен көркемдік дәстүрлері тарихының белгілі бір кезеңін бейнелеген. И-дің философиялық ұстанымы дүниені философиялық тұрғыдан көре білудің, адамгершілік шабыттың айқын үлгісі болып табылды. Адамның адамгершілік қасиеттері туа біткен емес, өмірде қалыптасады, тәрбие жағдайларына, үйретілген әрекет қимылдарына тәуелді болады. Ізгі қасиеттер адамның өзіне, оның мінез-құлқы мен біліміне байланысты. Адамның беделі мен қадірі оның ізгі істері мен мінез-құлқымен анықталады. А. білімді ізгіліктің негізі деп қарастырып, оны жоғары бағалайды, өйткені адам соның көмегімен жетіледі. Қоғамның адамгшершлік, әлеуметтік нормалары мен байлықтарын дұрыс саралай алады. Оның поэмасы жақсылық пен жамандық, сараңдық пен мырзалық, қайырымдылық пен дүниеқоңыздық т.б сияқты ежелден бергі этикалық-фмилософиялық проблемаларға арналған. Адамның адалдығы мен шыншылдығы, оның адамгершілік жағына жетілу дәрежесін көрсетеді. А. рационалистік идеялары адамның ақыл-ойын, білімі мен мәдениетін аса қадірлеуден айқн көрінеді. Оның адамгершіліктік дидактикасы, дүниеге көзқарасы, өз заманына сәйкес прогрессивтілік сипатқа ие. А.И-дің этикалық-философиялық позициясы әл-Фарабимен, ибн Синамен, Ж.Баласағұнмен қатар тұр.
(ХІІ ғ-дың соңы, Түркістан өңірі – ХІІІ ғ-дың басы, сонда) – ортағасырлық ақын, хакім, ойшыл. Иүгінеки (қазақша Жүйнек) қ-нда туып, өскен. А.И-дің ғұмыры, өмір сүрген ортасы туралы деректер тым тапшы. Зағип болып туып, фәни жалғанның жарық сәулесін көрмей бақиға озған Ахмед жастайынан ілім- білімге құмартып, түркі тілдері мен араб тілін жетік меңгерген. Шариғат қағидаларын жан-жақты зерттеп-танып, терең іліміне сай «Әдиб Ахмед» деген құрметті атқа ие болған. Ақыл-ойы толысып, діни танымы әбден кемелденген шағында А.И. қысқаша тақырып-тақырыптарға бөліп, Ислам құндылықтарына негізделген өлең-жырларын өмірге келтіре бастайды. Кейін бұл жәдігерліктердің басы біріктіріліп, «һибат ул-хақаиқ» («Ақиқат сыйы») деп аталатын дидактик. өлеңдер жинағына айналған. Мазмұны, танымдық нәрі жағынан алғанда «Ақиқат сыйы» – Әбу Насыр әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Ясауи мұраларымен іштей астасып, IX–XIII ғ. аралығындағы түркі дүниесінің рухани қазына- ларының жарқын туындысына айналды.
А.И-дің «Ақиқат сыйы» біздің заманымызға жетпей, біржолата жоғалып кеткен. А.И. мұрасының XIV–XV ғ-да жасалған 3 түрлі көшірмесі, 3 түрлі үзіндісі бар. Оның ішінде ең ескісі – 1444 ж. Самарқанда Арсылан Қожа тархан Әмірдің қалауымен Зәйнүл Әбідін бин Сұлтан Бақыт Жужани Құсайын көшіріп жазған нұсқа. Көне ұйғыр, арагідік арабша хатқа түскен нұсқаның жалпы көлемі – 508 жол. Бұл мұра қазір Стамбулдағы Айя-София кітапханасы қорында сақтаулы; 2-нұсқа Стамбулда 1480 ж. Шайх зада Абд әр-Раззақтың ұйғыр және араб жазуымен көшірілген, 506 жолдан тұратын үлгісі. Парсыша, тәжікше түсініктемелері бар, Стамбулдағы Айя-София кітапханасында сақтаулы бұл жәдігерлікті Н. Әсім 1915 ж. алғаш жарияла- ған; «Ақиқат сыйының» үшінші арабша нұсқасы XIV ғ-дың ақырында, немесе XV ғ-дың басында 524 жол өлең көлемінде көшірілген. Ол Стамбулдағы Топ-Қапы сарайында сақтаулы. Сол сияқты «Ұзын көпірдегі Сейіт Әлі» деген кісінің кітапханасынан табылып, Анкара кітапханасына табыс етіліп, кейін мүлдем жоғалып кеткен А.И. мұрасы туралы дерек бар. Анкарадағы Маариф кітапханасынан табылған ( көлемі төрт бет), Берлин ҒА-нда сақтаулы тұрған (1 бет) өзге нұсқалардың із-жосықтары А.И. еңбектерінің қаншалықты кең көлемде таралғанын дәлелдей түседі.
А.И. үшін бұл дүниеде тұрақты ешнәрсе жоқ, бәрі де өзгереді. «Жас қартаяды, жаңа ескіреді», «Барлық толған (нәрсе) азаяды, түгел кемиді».
94
Сол себепті бұл дүниенің қызығы да жалған, өкінішті. Мұнда «менікі» деген жоқ. Өйткені «менікі деген» ертең «өзгелердің еншісі» болып шығады. Сондықтан дүниеқорлық пен ашкөздік адамға бос бейнет әкеледі, ал оны ойлай берсең, ол сенің тек «уайым-қайғыңды көбейтеді, (одан да) еңбек ет» деп тұжырымдайды. Кішіпейілділік пен жомарттықты, сабырлық пен көнбістікті мадақтайды.
Шығ.: Ахмед Йүгенеки. Ақиқат сыйы. Түпнұсқасының фотокөшірмесі, транскрипциясы, прозалық және поэтикалық аудармасы. Баспаға дайын- дағандар: Ә. Құрышжанов, Б. Сағындықов. – А., 1985; Хибат-ул хақайық. – Ташкент, 1971. Ә. Құрышжанұлы, Б. Сапарұлы, А. Көшкенова (ҚҰЭ – 572 бет).
-
Әбу әл-Мухасиби
(781-857) - IX ғ сопылықтың теоретикалық негізін қалаған арабтық діндәр. Ә.-л-М. ілімінің негізінде ақиқатты білімнің қайнар көзі ретінде мистикалық транс қарастырылған. Соның көмегімен бастапқыда ислам нормалары қарастырылып, оны «шариғат» деп атады. Содан кейін барып аскеттік тәжірибеге адам ішкі рухани-интуитивтік мән арқылы қол жеткізеді. Нәтижесінде шәкірт рухани тәжрибенің келесі бір сатысы «тариқатқа» өтіп, «мюрид», рухани ұстаз атанады. Мюрид-сопы Алламен мистикалық діни экстатикалық жақындау психотехникасын игерді – бұл саты «марифат» деп аталды. Үшінші сатыны меңгерген адам басқаларды оқытуға құқылы. Рухтық транстық тәжірибенің ең жоғарғы сатысы «хақиқат», бұл сатыны игере алғандар көп емес, себебі аталмыш саты Алланың еркіне жету, онымен жақындасу дегенді білдірді, бірақ осыны игерген адам пайғамбар болып саналатын еді. сопылардың рухани өзін-өзі жетлдірудегі жүріп өтетін жолы «тариқат» деп аталды. Бірқатар сопылық жүйелерде оған жетудің он- он екі сатысын атап өтеді. Тариқаттың әрбір сатысы - барлығынан бас тартып, сопыны Алламен оған деген сүйіспеншілігі арқылы жақындастыратын нақты және терең күйзеліс. Ә.-л-М. бір сәттік нұрлану – «хал» ілімінің негізін салушы. Көптеген шығыстанушылар Ә.-л-М. ілімін сопылықтың ары қарай дамуына және қалыптасуына айтарлықтай ықпал етті деп мойындайды. Ойшыл өз шығармаларында түрлі философиялық және діни мектептер: ежелгі грек философтарының ілімдері, зороастризмнің, иудазмнің, христиандардың және мұсылмандардың көзқарастарын жүйелейді.
-
Әбу Сайид Майхани Фадлаллах ибн Аби-л-Хайр Ахмад
(967-1094) - Хорасан сопылық мектебінің негізін салушылардың бірі. Ә.С.М-дың көзқарасы тұрмысы нашар адамдар мүдделерін қорғауға бағытталды.өзі де көше, мешіт сыпырып, қайыршылық жағдайды әдейі басынан өткерді. Осылайша бойындағы менмендік пен тәкаппарлық қасиеттерді өшірген. Ә.С.М сопылардың алғашқы шейхтарының бірі. Ол өз шәкірттеріне арнаған мінез-құлық өлшемдерін түзіп, оны 10 тармаққа бөлген. Мұнда пір үшін 10 қасиет, шәкірттер үшін 10 түрлі мінез-құлық белгілері нақтыланған. Ә.С.М Әбу-л-Қасым Бишр ибн Иасинді ұстаз тұтып, өз уағыздары мен үгіт насихаттарында Әбу-л-Қасымның жырларына жүгінеді. Жас кезінде 5 жыл Әбу Абдаллаһ Мұхаммед әл-Хисриден, 5 жыл Әбу Бәкр Абдаллаһ әл-Кәффәләдан, Әбу Әли Заһир ибн Ахмадтан сабақ алған. Ә.С.М Майханаға оралып, 15 жыл бойы тақуалық жолды ұстанады. Сөйтіп сопылық ағымдағы көрнекті пірлердің біріне айналады.
-
Әбу Ханифа Ән-Нұғман ибн Сәбит ибн Зуто ибн Маһ
(699-767) – араб ғұламасы, ұлы имам. Дін ілімінің білімдары, факих, мұхаддис, ханифашылдар мазһабтың негізін салушы. Ә.Х. – 55 мәрте қажыға барған «Имам Аязам», яғни ұлы имам деп аталады. Ол кісінің тақуалығы, әділдігі, адалдығы, қайырымдылығы, ғұлмалығы, ойшылдығы, намаз, аят оқудағы өзіндік ерекшеліктері туралы аңыз-әңгімелер көп. Ә.Х-дан «Ілім соңында жүріп ренжіме», «Өзге діндегілермен де сыпайы қарым-қатынаста бол», «Кісінің қателгін көріп тұрып, сен де оны қайталама», «Бейшараларға зорлық жасама», «Патша алдында көп сөйлемеңдер және оған шақырғанда ғана кіріңдер», «Егер көршіңнің бір кемшілігін көрсең, өзгелерге жария етпе» сияқты нақыл сөздер қалған. Негізгі шығармалары: «әл-Фикх әл-әл-акбар», «әл-Муснад».
-
Әбу-л Қасым Фердоуси
(940-1020) – шығыс ақыны, «Шаһнама» дастанын 35 жыл бойы жазған, ол 55 мың бәйітен тұрады. 1-нұсқасы 994 ж., 2-нұсқасы 1010 ж. біткен, тұңғыш рет 1829 ж Үндістанда жарық көрді. Дастан 3 бөлімнен құрылған: 1) мифологиялық аңыздар; 2) батырлық жырлар; 3) тарихи шежірелер. Сонымен қатар романтикалық, драмалық сарындағы бірнеше поэмалар, дидактикалық және философиялық толғаулар енгізілген. негізгі сюжет иран және тұран халықтарының басынан кешірген 4 мың жылдық тарихи оқиға байланысты өріледі. қазақ халқы «Шаһнамамен» ертеден таныс. Поэма қаһармандары қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездеседі. «Шаһнаманы» қазақ тіліне аудару ісі 19 ғ-дың 30-жылдарынан бастап қолға алынды. Абай Құнанбаев Ә.-л-Қ.Ф-ді ұстаз тұтты.
-
Әл-Ашари Абул -Хасан Али
(874-935) - атақты араб дінбасыларының бірі. Ә.А. сүниттік экзистенциалдық діни ілім каламның негізін қалаған. Имам А. көзқарастары оның өмірінің үш кезеңінде қалыптасты. Бірінші кезеңінде ұстанымы мутазилиттік сипатта болса, кейіннен одан бас тартты. Екінші кезеңде аталмыш ұстанымнан айнып, Алланың жеті қасиетін: «аль-хайат» (өмір), «аль-ильм» (білім), «аль-кудра» (билік, құдіреттілік), «аль-ирада» (ықылас), «ас-самъ» (есту), «аль-басар» (көру), «аль-каламды» (сөз) мойындап, терең мән бере отырып, түсіндіруге тырысты. Сонымен қатар А. Аллахтың мынадай қасиеттерін: «аль-ваджх» «бет пішін немесе жүз», «аль-йадан» (екі қол), «аль-кадам» (табан), «ас-сак» (жіліншік немесе сирақ) талқылауды жалғастырды. Үшінші кезеңінде ол Алланың барлық қасиетін жаратылыстың қасиеттерімен салыстырмай және оларды қалыпқа салмай сендіруге тырысты. Дәл осы сипаттағы көзқарастары өмірінің соңында жазған еңбегі «аль-ибанда» көрініс алды. А. Құранның мәңгілі жайындағы және алдын-ала айқындау ілімі (адамдардың өз іс-әрекеттеріне жауаптылығына қарама- қарсы жағдайда) кейінгі ізбасарлары дінтанушылар - ашариттер арқылы дамып, жүзеге асты. Ашаризм мұсылмандық жазбалар санағы бойынша III ғ пайда болған каламдағы бағыттардың бірі. Осының негізінде кейінгі калам өкілдері, яғни мутакаллимдер рационалды болжамдар арқылы ислам апологетикасын анықтауға тырысты. Болжамдарды анықтау үшін және құдайлық құдіретті әлемнің құрылуы мен кереметтер мүмкіндігін дәлелдеу үшін атомистиканы пайдаланды. Негізгі шығармалары: «Аль-Ибан» (Дін тұту негіздерін талдау).
-
әл-Бәйзауи Әбу Саийд Абдаллаһ бин Мұхаммед бин Әли Әбу-л-Файр әд-Дин аш-Ширази
(1282-1326) – хадисші, тіл маманы, заңгер, философ, тарихшы. «Жүйелі баяндаудың тарихы» атты еңбегінде «Ефраттан Жейхунға және араб иеліктерінен Ходжент маңына дейін созылған Иран жерінің билеушілері мен патшалар әулеті тарихының қысқаша шежіресі» баяндалған. Шамамен 1275-76 ж жазылған бұл шығарма: 1) он пайғамбардың тарихы, (Адам атадан бастап); 2) Иранның ежелгі патшаларының 4-әулетінің тарихы (мифтік патшалардан Сасан әулетіне дейін); 3) араб халифалары үш әулетінің тарихы (Ирандық монғолдармен аяқталады) атты төрт бөлімнен тұрады. Шығармада Қазақстан тарихына қатысты мағлұматтар да кездеседі. Негізгі шығармалары: «Дүниенің аян беруі және түсінік сырлары», «Заңтану негіздерін білу жолы», «Жүйелі баяндаудың тарихы».
-
әл-Бируни Әбу Райхан Мұхаммед ибн Ахмед
(973-1048) – ғалым, энциклопедист, астроном, тарихшы, дәрігер, философ. Атағы шыққан орта Азиялық ғалымдарды біріктірген Академияны басқарған. Жердің өз осьінен айналып қозғалуы туралы болжамды алғаш айтқан данышпанның бірі. Сондай-ақ көптеген өзге әлемдердің өмір сүруі туралы идеялар мен бірнеше қызықты математикалық идеяларды, жердің бастапқы моделін (глобусті) ойлап тапты. Ә.Р.әл-Б. астрономияға қатысты бірқатар мәселерді шешуде, тарқатып айтар болсақ, планетаның қара түсті денелері, жұлдыздар қозғалысы және Жермен салыстырғандағы олардың көлемдік айырмашылығы, тартылу идеясы, яғни жұлдыздар мен Күннің біртектес отты табиғаты т.б. ежелгіүнді және ежелгі грек философтарының ауқымды идеяларын қабылдап, әрі қарай дамытты. «Ежелгі халықтар хронологиясы» атты ең бірінші шығармасында Ә.Р.әл-Б. әлемдегі түрлі халықтардың (араб, парсы, еврей, грек) қолданысында болған және өз заманында атағы шыққан күнтізбе жүйелерін жазып, көлемді хронологиялық кесте құрастырған. Үнділердің философиялық жүйесі, соның ішінде космостық эволюция және санкхья теориясы. Ә.Р.әл-Б. шығармаларын араб тілінде жазып қалдырған. Оның қаламынан 150 жуық трактаттар жарық көрген. Ғылыми терминдерді аудару теорясын жасаған. Астрономиялық шығармаларында Ә.Р.әл-Б. Дүниенің гелиоцентристік жүйесін (Коперниктен 500-жыл бұрын), денелердің Жерге қарай таралуын (Галилей мен Ньютоннан 600-жыл бұрын) болжаған. Негізгі шығармалары: «Ежелгі халықтар хронологиясы», «Үндістан» (1031), «Бұрынғы ұрпақтар ескерткіші» (1048), «Масғуд каноны», «Геодезия», «10-томдық Таңдамалы шығармалар», «Минералдардың меншікті салмағын анықтау ережесі».
-
Әл-Ғазали Әбу Хамид Мұхаммад ат-Туси
(1058-1111) - мұсылман әлемінің ірі теологы, философ, факихші (мұсылмандық құқық білімпазы). Өзінің бірқатар жұмыстарында мемлекетті басқару мәселесінде сұлтанға ұсыныстар береді, сұлтанның нақты билігін заңдастыру негізінде оны нығайту мәселесін көтеріп, халифатты сынайды. Ә.М.әл-Ғ. халиф пен сұлтан арақатынасы мәселесін жан-жақты сипаттап, имамат теориясын дайындайды. Оның пікірінше, мемлекет ислам мен мұсылманша өмір сүру тәртібін қорғауға тиіс. «Философтарды терістеу» деген еңбегінде Фарабиді, ибн Синаны сынап, оларға «әлемнің ешнәрседен жаратылысы» туралы өз идеясын қарсы қояды. Бұл идеяда ол бүкіл қоршаған әлемге өзінің ықпалын жүргізетін құдайдың шексіз еркі туралы ойды негіздеді. Мистиктің пікірінше, ақыл-ой тек реттеуші рөлді атқара алады, ол біздің ізденісімізді мақсатқа қарай бағыттай алғанымен, мәнділікті ешқашан да аша алмайды. Мәнділікті танудағы жалғыз тәсіл өзіне-өзі терең бағытталған мистикалық жағдай, сонда ғана мәнділік ашылады. Бұл мәнділік – Құдайдың болмысы. Ә.М. әл-Ғ адамдарды танымдық қабілеттері бойынша «қалың бұқара» (әл-һамма, әл-һауамм) және «таңдаулылар» (әл-хасса) деп екі топқа бөледі. Діни дәстүрлер соңынан көзсіз еретін қарапайым қауым мен ислам қағидаларын қорғаумен ғана шектелетін мутакаллимдерді ол алғашқы топқа жатқызады. 2-сіне ең алдымен сенімді дәлелдер мен дәйектемелеркөмегі арқылы ақиқатқа жетуге тырысатын философтарды енгізді. Сонымен қатар «таңдаулылар» қатарына тұрмыс-тіршілік мәнін логикалық қисындардан бұрын түйсік арқылы түсінетін сопыларды да кіргізеді. Ә.М.әл-Ғ. сопылықтың өзін-өзі жетілдіру бағытынан оның пайдалы жақтарын көрді, бірақ сопылар ұсынған құдай мен онтологиялық бірлікке жету бағдарын теріске шығарды. Ә.М.әл-Ғ. бірқатар шығармаларында әлемнің мәңгілігі проблемалары, себептілік теориясы, т.б. бойынша мұсылман философтарымен, Шығыс аристотелшілері өкілдерімен пікірталасты өрістетті. Ол өзінің басты еңбегі «Діндегі ғылым сәулесінде» діни-философия, этика қағидаларын саралап, онда суннит дәстүршілдігі қағидаларын сопылық түсініктермен үйлестірді. Адам еркі мен жазмыш туралы мәселеде Ә.М. әл-Ғ. «таңдап алу» ұғымын «касабаны» дамытады, оған сәйкес адам Алланың ұсынған жақсы-жаман әрекеттеріненөзіне қажетін таңдап алуына ерікті екендігін, бірақ соған орай жауап та беретіндігін айтады. Ә.М.әл-Ғ-ды әдетте худжжат әл-ислам (ислам дәйекшісі) деп атайды. Негізгі шығармалары: «Діндегі ғылым сәулесі», «Философтарды терістеу».
-
әл-Кинди Әбу Иүсіп Иакуб ибн Исхақ
(шамамен 800-870) - араб философиясының негізін салушы, астролог, математик және дәрігер, «Араб философы» құрметті атағының иегері. Ол Аристотель «Органонына», шығармалары мен метафизика сұрақтары бойынша бірқатар еңбектерге комментариялар жазды. Итальян ғалымы Карден оны әлемдегі үздік жиырма ойшлдың бірі деп атаған. Ә.И. әл-К. өзінің дүниегекөзқарасы негізіне, бар ғаламды айнадан көргендей тануға мүмкіндік беретін, аяғына дейін мағынасы ашылған әрбір зат күшіндегі жалпы себептік байланыс идеясын салды. Ә.И. әл-К мынадай мәселелерге зор көңіл бөледі: Құдай мәселесі, ақыл-ой мәселесі мен философияның мәнін анықтау, ғылымдарды классификациялау. Материя, форма, қозғалыс, кеңістік, уақыт, субстанция, сан, сапа сияқты ұғымдарға талдау жасаған. Философияның мақсаты мен қызметі туралы нақты тұжырым жасап, оның білім саласындағы орнын анықтауға үлкен үлес қосқан. Пайда болған нәрсе қозғалыс нәтижесінде өзгереді және ақыры соңында жойылады, ол нәрсе мәңгілік емес, оның соңы бар. Адамға ақыл-ой берілгендіктен ол өзін-өзі танып қана қоймай, өзін қоршаған дүниені таниды. Ақылдың көмегімен адам заттар мен құбылыстардың себептік байланысын, олардың мәнін ұғына алады. Құранның ортодоксалды ұстанушылары Ә.И. әл-К-ге еретик ретінде қарады. Оның көптеген шығармаларын кейбір бөлімдер жартылай жазбалар ғана сақталынған. Екі бөлімнен тұратын «философиялық трактаттары» Египетте М.А.Әбу-Ридтың басшылығымен 1950, 1953 жж жарық көрді. Негізгі шығармалары: «Аристотель кітаптарының саны жөнінде және философияны меңгерудің шарты», «Бастапқы философия туралы бес мәнділік жайында кітап», «Пайда болу және жойылу себептерін түсіндіру туралы трактаттар».
-
әл-Рази Әбу-Бекр Мұхаммед ибн Зақария
(латынша Разес, 865-925, 934) - ғалым, энциклопедист. Жалпы көлемі 184 жұмыс жазды, біздің заманымызға дейін жеткені 61. Ә.Р. шығармашылық мұрасы философия, этика, теология, логика, астрономия, физика, алхимия, медицина мәселелеріне қатысты туындылармен айқындалады. Оның онтология мен гносеология мәселелері бойынша идеялары ерекше. Онтологияда бес мәңгі бастау туралы идеяны негіздейді: жаратушы, жалпы рух, праметрия, абсолюттік кеңістік және абсолюттік уақыт. Оның пікірінше, жан мен тән бір-бірімен ажырамас байланыста. Және адам ақыл-ойға ие болғандықтан табиғи құбылыстарды танып-білуге қабілетті. Адам тірі мақұлық ретінде білімнің қуанышын сезінуге құштар. Адамдар арасында ақиқатқа жетуге қабілеттілері философтар. Р. ойынша философ жаратушыға ұқсас болуға тиіс, себебі әркім ақиқатқа әр түрлі жолмен жетеді және шамасы келгенше жақындауға тырысады. Ә.Р. ғылымның жақтаушысы болып, дінді сынайды. Ойшылдың пайымдауынша, дін дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар арқасында өмір сүреді, алдауға негізделеді, шыдамсыздық пен мағынасыз соғыстарға әкеледі.
-
Әл-Фараби Әбу Наср Мұхаммад ибн Тархан ибн Узлағ
(870-950) - түрік тайпасының дәулетті ортасынан шыққан, ұлы энциклопедист ғалым, ойшыл, философ, математик, астролог, музыка теоретигі. Ә.Н. әл-Ф. – түркі ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі, «Әлемнің 2-ұстазы» атанған ғұлама. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Барба деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбунасыр Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбунасыр атанған. Сол тұста өмір сүргендердің қалдырған нұсқаларына карағанда, Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған. "Мұсылман Ренессансы" деген атауға ие болған сол заманға тән белгілер оның шығармаларында белгілі бір дәрежеде өз орнын алады. Ә.Н. әл-Ф. шығармаларында көне замандағы дәстүрдің және "Бірінші Ұстаз" деп шығыста аталып кеткен Аристотельдің тарих барысында қалдырған әсері, неоплатонизмнің несторионшылдықтың әсері және исламның әсерімен Аристотель идеяларының өзгеруі айқын көрінеді. Ә.Н. әл-Ф. Аристотельге бас игені сөзсіз. Ол Аристотель ілімінің формалдық жағымен ғана шектелмейді, ол диалектика элементтеріне, мәселені қарама-қарсы қоюына белгілі дәрежеде көңіл бөледі, сыртқы дүние мен сезім мүшелері арқылы жүзеге асатын байланыс таным логикасының ірге тасы болып табылатынын дәлелдейді. Фараби ғылымның философиялық-логикалық ірге тасын дұрыстап қайта қалап шықты. Ол музыка жайлы күрделі зерттеулер жүргізді. Фарабидің метафизика, тіл ғылымы, логика, психология, география, этика т. б. ғылымдар жайлы жазған еңбектерінің мәні ерекше зор. Өздігінен көп оқып, көп ізденген ойшыл философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан 164 трактат жазып қалдырды. Ә.Н. әл-Ф. Дүниетанымы екі әлемнің – көшпелілер мен отырықшылар өркениетінің және Шығыс пен Грек-Рим мәдениетінің өзара байланыстарының нәтижесі. Ә.Н. әл-Ф-дің илософиялық көзқарасында басты үш бағыт анық аңғарылады: ол дүниенің мәңгілігін мойындады; танымның болмысқа тәуелділігін растады; ақыл-парасат туралы ілімді саралады. Мәңгілік пен тәуелділік бастауларының құдіретті Алладан, аспан әлеміндегі құбылыстардың мәнінен, ақыл-парасаттан, адамның жан-дүниесінен, түр мен материя арақатынасынан іздеді. Ол философияны қоғамды оятатын зерде, парасат шамшырағы, халықты әділетті қоғамға жеткізетін негізгі бағыт, ұрпақтар арасындағы рухани-мәдени сабақтастықты ғасырларға жалғастыратын құрал, әлеуметтік-этикалық күрделімәселелердің шешімін, ақыт талаптарыныңжауабын табатын әдіс деп түсінді. Ә.Н. әл-Ф. Педагогика тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі. Ол – шығыс елдеріндегі тұңғыш сындарлы педагогикалық жүйе жасаған ағартушы оқымысты. Оның пікірінше, жас ұрпақтың сана-сезімін қалыптастыру үшін үш нәрсенің ерекшелігін жүйелеп, дәйектеп алу шарт: 1) баланың ішкі ынта-ықыласы, құмарлығы, 2) ұстаздың шеберлігі, ар тазалығы, 3) сабақ процесінің алатын орны. Ә.Н. әл-Ф. мұраларының Қазақстанда түбегейлі зерттелуі 20 ғ-дың 60-жылдарында ғана қолға алынды. Оған алғаш бастамашы болған А.Машанов. Негізгі шығармалары: «Ғалымдардың шығуы», «Ғалымдар энциклопедиясы немесе тізбегі», «Кемеңгерлік меруеті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Музыканың үлкен кітабы», «Философияны аңсап үйрену үшін алдан ала не білу кажеттігі жайлы», «Ақылдың мәні туралы», «Әлеуметтік-этникалық трактаттар», «Философиялық трактаттар», «Мемлекет қайраткерлерінің қанатты сөздері», «Риторика», «Поэзия өнері туралы».
-
әл-Хорезми Әбу Абдаллах Мұхаммед ибн Мұса
(787-850) – математика және астроном. «Үнділер саны» (есебі) деп аталатын арифметикалық трактаттың авторы. Трактаттың араб тіліндегі нұсқасы жоғалған, бірақ оның 12 ғасырда латын тілінде аударылып шыққан нұсқасы сақталған. Осы аударма арқылы Еуропа елдері есептеудің үнділік ондық позициялық жүйесімен танысты. Ә.А. әл-Х-дің «Китаб мұхтасар әл-джәбр уә-л-мұқабала» («Толтыру және қарсы қою жөніндегі қысқаша кітап») деген еңбегі – математика тарихында алгебраны дербес баяндауға арналған тұңғыш кітап. Бұл еңбек Еуропа елдерінде алгебра бойынша негізгі басшылыққа алынатын кітап болды. «әл-джәбр» амалы (теңдеулердің бір мүшесін оның екінші жағына таңбасын кері өзгертіп шығару) кейін алгебра атауының шығуына себеп болды. Ал әл-Хорезми латынша (лат. Algorithmu) есімі әуелі үнді сандарының көмегімен арифметикаға белгі ретінде енді, кейін ол белгілі ережемен ғана орындалатын кез келген есептеу жүйесінің жалпы аты (алгоритм) болып қалыптасты. Ә.А. әл-Х астролябия және күн сағаты туралы еңбектер жазған, сондай-ақ астрономиялық кестелер құрастырған. Негізгі шығармалары: «Үнділер саны», «Китаб мұхтасар әл-джәбр уә-л-мұқабала» («Толтыру және қарсы қою жөніндегі қысқаша кітап»).