Шығыс шайырлары
-
Чжан Шаохуа
Қытай философы. Оның пікірінше, біздің қазіргі өміріміздің өзінде жаһандық өркениеттің эмбриондық рухы сезіледі. Ч.Ш. жаһандық өркениетпен бірге жаралған эмбрионның өсіп-жандануы тұрмыстық өмірден де, рухани құндылықтар азғындауынан да өз көрінісін беріп отыр. Оны толғандырған философиялық идеялар: 1) барлық заттың біртұтастығы; 2) барлық адамзаттың біртұтастығы; 3) аспан мен адамның біртұтастығы.
-
Чжу Си
(1130-1200) – Қытай философы, Сунь дәуіріндегі неоконфуцийшілдік мектебінің көрнекті өкілі. Ч.С. ілімі айқын идеалистік сипатта болды. онда конфуцийшілдік идеялары бір жүйеге келтірілген. Ч.С. идеалды негіз «лиді» - бастапқы, материалдық негіз «циді» - соңғы деп есептеді. Лидің идеалдық субстанциясының формасы мен сапасы жоқ, оны сезім – түйсікпен қабылдау мүмкін емес. Қозғалыс пен тыныштықтың (Инь және ян) ұдайы алмасу процесінде дүниенің бес материалдық бастапқы элементі: су, от, ағаш, металл, жер пайда болады. Ч.С. конфуцийшілдіктің саяси-этикалық ілімін батыл қорғады. Адамның «тума табиғатын» ол идеалды негізден (ли) шығарды. Ч.С. Конфуцийдің саяси-этикалық қағидаларын оорындауды қоғамдық өмірдің негізі деп есептеді. Ч.С-дің кейіннен заңдастырылған ілімі білім берудің дәстүрлі жүйесінің негізі болды.
-
Шанкара-Ачария
(санскр. Саnkаrа - есім, acarua - ұстаз) (788-820) – үнді философы, мистик, поэт, ортодоксальді теолог және реформатор, ұстаз және Адвайта-Веданта мектебінің уағыздаушысы. Ш. индуизмнің философиялық негізін қалаушы. Оның ойынша, негізгі философиялық мәселе шынайылық мәселесі. Оның ілімінде үнділік Веданта мен буддалық Мадхьямики идеялары сәйкес келеді. Ш. Реформизмі тантризмде қабылданған натуралистік салт-дәстүрлермен құрбандық шалу, дінді Шакти лердің табынатын қолайсыз формаларынан тазарту міндетін қою мен мимансаның архаикалық культін терістеуден көрінеді. Оның ойына жүгінсек, негізгі философиялық мәселе бар болмысқа қарама қайшылық ретіндегі реалдылық, осыны Құдай мәселесіне қатысты қарастырды. Әйтседе, Ш. бойынша бар, өмір сүріп жатқан нәрсе реалды емес болуы мүмкін, ал жоқ, тіршілікте жоқ нәрсе шынайы болуы мүмкін. Ш. индивид рухы (Атман) мен жоғары рухани бастама (Брахманға) дуалистік дуалистік тұрғыдан қарамайды. Атман мен Брахман тұтас – болмашы іспен қарым қатынасты үзу нақты әлемде айқындалады, адамның міндеті – жалғандықты игеріп қана қоймай, Атман мен Брахманның теңдігіне жету. Рухани тәжірмбеде Ш. «білім жолының» («джняна-марга) негізін салушы. Адам санасының дамуының бастапқы деңгейінде рухани талпыныс пен барлық жолдар пайдалы деп тұжырымдады. Ш. көргенсіздік немесе «түсінбеушілік» (авидью) тек қандайда бір қасиет және жетіспеушілік қана емес, жоғарғы рухани Реалдылықты жасырып тұрған объективті космостық фактор деп есептеді. Негізгі шығармалары: «Брахмасутраға», Бадараянға, ІІ Упанишадаға, «Бхагавадгитаға» және «Упадешасахасри» және «Вивекачудаманиға» түсіндірме.
-
Шәкәрім Құдайбердұлы
(1858-1931) – Абай дәстүрін жалғастырушы ақын, ойшыл ғалым. Шайыр шығармаларының өзегі - философия, ғылым-білім және дін. Өмірдің мәні мен ой-сана тереңдігіне үңілген Шәкәрім де ұлы Абай секілді дүниенің ғаділетін іздеген ақын. Адам мәселесі Ш. философиясының орталық тақырыбы, яғни зерттеудің негізгі субъекті. Адам феноменін ол табиғат пен тарих мүмкіндіктерінің өзіндік өлшемі, жаратылыс дүниенің сыры ретінде қарастырады. Сонымен қатар Ш. дүниенің «адами сипатына» жасаған анализі оптимистік тұжырымдар мен соны да бірегей концепцияға әкелді. Ш. философиясының басты ерекшелігі – жалпы жаралыс, адам, қоғам туралы біртұтас көзқарас, яғни тұтас әлемдік сипат. Ойшыл дүниедегі адамның орны мен табиғатын сол әлемдік тұтастық тұрғысынан қарастырады. Яғни, адам туралы ілімнің негізіне Ш. белгілі онтологияны қояды. Қазақ қоғамының рухани өсуіне, жастардың ғылым-білімге, өнерге деген құштарлығын оятты. Орыстың солақай саясатына елітіп, қазақтар арасында іріткі салып жүрген пысықтарға байланысты «ар түзейтін ғылым» керектігін айтты, тобырға тоқтау салды. Қ. Өлеңдерінде, поэмаларында, тарихи философиялық трактаттарында Шығыс пен Батыс елдері ойшылдарының, ғалымдарының, ақын-жазушыларының еңбектері мен шығармаларының аты аталып ғана қоймай, сонымен бірге мазмұн-мәні ашылып, кейде бірсыпыра ой-пікір жарыстырылып отырды. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білген ақын батыс пен шығыс ғұламаларының еңбектерін қазақша тәржімалады. Негізгі шығармалары: «Үш анық», «Мұсылмандық шарты», «Тіршілік жан туралы», «Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы», «Ақыл – деген өлшеусіз бір жарық нұр», «Адам немене?», «Тәңірі мен жан», «Жан мен дене һәм көңіл», «Анық пен танық», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» махаббат дастандары.
-
Шоқай Мұстафа
ШОҚАЙ Мұстафа – аса көрнекті қазақтың саяси қайраткері. М. Ш. Ақмешіт (Қызылорда) қаласында 1890 ж. дүниеге келген. Мұстафа – Түркістандағы атақты әулетке жататын Торғай Датқаның немересі. Бастауыш білімді ол ана тілінде алып, сосын Ташкент гимназиясын бірін- ші дәрежелі атақпен бітіріп, Петербургтің императорлық университетінің хұқық факультетіне оқуға түседі. Қайда оқыса да байсалды, алғыр қабілет танытқан, зеректік көрсеткен. Өте жас кезінен саясатқа араласады. Оқып жүргенде тек ғылыми мәселелермен айналыспай, ұлттық күрес жағдайын, отанының болашақ құрылысын терең методологиялық тұрғыдан зерттеп, практикада жүзеге асыруға тырысқан. Қазақ рухының кеңістігінде М. Ш-дың орны бір төбе. Мұстафа тек қазақ емес бүкіл түркі қауымының ұлы перзенті, түркі халықтарының тарихында ерекше орын алатын тарихи тұлға. «Біз – түркмендер, өзбектер, қазақтар, қырғыздар, башқұрттар, татарлар – бәріміз бір түркі жанұясының мүшелеріміз. Біртұтас мемлекет құруға, бір түркі ұлт болуға тырысу керек... Түркістан бұл түркілер. Түркістанның түркизмі оның түріктік болмысы төрізді табиғи нәрсе. Бұл жөнінде айқаймен мәлімдеудің ешбір қажеті жоқ, өйткені Түркістан өзінің болмысынан ажырай алмайды. Сондай-ақ өзінің шыққан тегін және өзінің руластарын мойындау сияқты оңбағандықты да қабылдай алмайды», – дейтін. М. Ш. Орта Азия халықтарының ортақ түркілік тегі мен түбі туралы айтқанда, одан ол жүз бұтақты, тоқсан торапты шежірелі із іздемейді. Тек қана елі мен жеріне апат пен опат әкелетін Елдің елдігін сақтайтын – тарих. Тарихсыз болашақ жоқ. М. отаршылдықтан құтқарар рухани тірек пен сүйеніш іздейді. Ш-дың негізгі мақсаты – түркі халықтарының құлдық сезімінен тезірек айығып, оянуына, өмір мұратына жетуі болып табылады. Оған бұл қасиетті істе – қайрат қажыр, жігер, қуат берген – осы Тарих. Оның «түркішіл» болғанының мәні осында. Өзіміз қазіргі түркілік тұтастыққа ұмтылып отырған идеялар сонау ХХ ғасырдың басында, ойшыл, сарапшыл ғалым М. Ш. ұсынған болатын. Міне, осы ұлағатты ойлар елімізге келген тәуелсіздіктің арқасында жүзеге аса бастауда. Ол өмірінің соңына дейін (1941 ж. 27 желтоқсанда Берлинде қайтыс болды) ұстанған бағытынан тайған жоқ, Алаш жұртының бірігіп ел болып, тәуелсіз қуатты мемлекет құруына жанын да, тәнін де тігіп адал қызмет етті. М. Шоқай «Ақиқаттан ардақты ештеңе жоқ» дейтін. Сол үшін күресті.
-
Шоқан Уәлиханов (Мұхамедханафия) Шыңғысұлы
(1835-1865) – озық ойлы, тұңғыш қазақ зерттеушісі, ғалым, географ, этнограф, қазақ халқының өнеркәсібі, ауылшаруашылығы, сауда қатынастары, діни сенімдері, асыл мұрағаттары жайлы зерттеулер жүргізуші, көптеген ғылыми еңбектер авторы. У. алғашқылардың бірі ретінде мемлекеттік сауда саясатына көңіл аударып, оның тиімді де тиімсіз тұстарын ғылыми түрде дәлелдеген. Бірақ, сол кездегі қазақ халқының жалғыз тіршілік ету көзі - мал бағу еді. Қазақтар малды тек өнім ретінде ғана емес, өндіріс құралдары ретінде де пайдаланған және мал шаруашылығымен кәсіби түрде айналысып, шикізат өңдеген, өнімдер өндірген, сауда қатынастарын дамытып, айырбас жолдарын жүзеге асырған. Малдардың жаз айларында солтүстіктің салқын аймақтарында, керісінше қыстың ызғарлы күндерінде оңтүстіктің жылы аймақтарында бағылу тәжірибесі, қазақ халқының географиялық және экологиялық ілім білімдерінің табиғи түрде дамығандығын, дала өркениетін меңгергендігін байқатады. Шоқан осы мәселеге аса ден қойып, жайылымды көшпелі мал шаруашылығының жағдайын талдап, «мал шаруашылығы - халық байлығы» деген қанатты сөз қалдырды. Бертін келе, мал шаруашылығының өрісі тарылып, одан әрі дами алмайтындығына көзі жеткен қазақтар тіршілік күйінің басқа арнаға өзгеру керектігін түсініп, отырықшылыққа ауыса бастады. У. бұл қадамды прогрессивті шешімге балап, оң баға берген. Қазақ ғалымы, этнографы, тарихшысы, қоғам қайраткері. Қазақстандағы ағартушылық идеясының негізін қалаушы. У. өз бойында еуропалық білімділік пен Шығыс халықтарының мәдениетін терең ұштастыра білді. Зерттеушілер У. шығармашылығын екі кезеңге бөледі. 1) Қалыптасу кезеңі (Петерборға барғанға дейінгі уақыт, яғни 1855–1859). 2) Кемелдену кезеңі (1859–1865). Алдымен У. өз ауылындағы мұсылман-діни мектебінде білім алады, араб және т. б. Шығыс халықтарының тілдерін оқып үйренеді. Осы кезде ол өз халқының салт-дәстүрлері, діни нанымдары, дүниетанымы мен аңыз-әңгімелері туралы мол мәліметтер жинақтайды. 1847 ж. У. Омбыдағы кадет корпусына оқуға түседі. Бұл Шоқан өмірі мен қызметіндегі бетбұрыс кезең болды. Осы оқу орынында У. ортасына, қоғамға деген көзқарастары қалыптасып, орнығады. Шоқанның азамат, ғалым, ойшыл ретінде қалыптасуына Г. Потанин, С. Сотников, А. Померанцев, К. Гаутковский, Н. Костылецкий Ф. Достоевский, С. Дуров сияқты орыс ғалымдары мен ойшылдарының ықпалы зор болды. Солар арқылы У. В.Г. Белинский мен Н.Г. Чернышевскийдің, А.И. Герценнің саяси- әлеуметтік идеяларына қанық болады. Шоқанның ғылыми ой-пікірлерінің қалыптасуында П.П. Семенов-Тян-Шанский үлкен рөл атқарды. Орыс саяхатшысы Шоқанды ғылымда толық зерттелмеген көшпенді халықтардың көне тарихы мен бай мәдениетін зерттеуге бағыттады. Осы уақытта У. халық мәдениеті мен ауыз әдебиеті туралы көптеген деректер жинайды. Соның нәтижесінде ол «Үлкен қырғыз-қайсақ аңыз-әңгімелері», «Тәңір», «Абылай туралы жыр», «Қазақ халық поэзиясының формалары туралы», «Қырғыздардың арғы тегі», «XVIII ғ. батырлары туралы тарихи аңыздар» атты мақалаларын жазады. У. бұл еңбектері басылып шықпағанымен, олардың қолжазбалары шығыстанушы ғалымдар арасында танымал болды. У. 1856 ж. М.М. Хоментовский экспедициясының құрамында болып, Ыстық көлге саяхат жасады. Қырғыз халқының энциклопедиялық поэмасы – «Манасты» алғаш рет жазып алып, орыс тіліне аударды. «Ыстық көл сапарының күнделігі», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қытай империя- сының батыс провинциясы мен Құлжа қаласы» және т. б. еңбектерінде У. түркі халықтарының салт-дәстүрі мен тұрмысын зерттеудің ғылыми әдіс- темесін жасайды. У. «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы», «Даладағы мұсылмандық жөнінде» еңбектерінде діни нанымдардың қалыптасуы, дін- нің қоғамдағы орыны мен қызметі туралы ғылыми сараптамалар жасайды. Ғалым халықтың рухани мәдениетімен қатар материалдық мәдениетін зерттеуге де өз үлесін қосты. Ол архитектуралық ескерткіштердің суретін көшіріп салып,олардың жобалану ерекшеліктеріне назар аударады. У. халық дүниетанымы, мәдениеті, діни нанымдары мен салт-дәстүрлері оның тұрмыс-тіршілігімен және өмір сүріп отырған ортасымен тығыз байланыста болады деген қорытындыға келеді. Шоқан Ресей отарлау саясатының ұлттық мәдениетке кері әсерін де ашық айыптады. «Сот реформасы туралы жазбалар»еңбегінде саяси реформалардың халық менталитетіне сай еместігін және оның рухани-мәдени дамуға зор нұсқан келтіретінін жазады. У. еңбектері Орталық Азия мен Қазақстан тарихын, мәдениетін зерттеудің алтын қоры болып табылады.
Негізгі шығармалары: «Сот реформасы туралы жазбалар», «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қытай империясының батыс провинциясы мен Құлжа қаласы». -
Шри Ауробиндо
(1872-1950) – философия мен йоганы біріктіріп синтездеуге ұмтылған, барлық тіршілік етуші йога мен философиялық ағымдарды бір ілімге біріктіріп, ортақ ой қорытуға талпынған. Оның философиясындағы материя мен рух алғашқы шындық – брахманның екі атрибуты ретінде жарияланған. Ш.А. йога туралы түсінігі эволюция ұғымымен бірігіп тоғысқан. «Барлық өмір- Йога», яғни табиғаттың барлық эволюциясы – Йога болатын болса, жеке дара дамыған индивидтің өмірі де - Йога. Ш.А. үшін йоганың бірден-бір негізгі ережесі өзіңді тек өзіңдік күштер арқылы ғана емес, басқа жаратылыс шарттары (әлем, тыныштық, шынайылық және т.б.) арқылы да трансформациялау болып табылады. Бұл трансформация жаратушы сыйының адамға құдірет ретінде еніп, оның құдіретті күш пен адамдар арасындағы делдалдық қызметін атқару үшін қажет. Ш.А. идеялары қазіргі заманғы Үнді философиясында кең танымал: оның йогалық жолын ұстанушыларға Үндістанның оңтүстік бөлігінде орналасқан Пондишерри қаласынан бірнеше шақырым алыс интернационалдық Ауровиль қаласының негізі қаланған, онда Ш.А. арналған ашрам бар.
-
Ыбырай Алтынсарин
Өркениетшіл үлгіні ұстанған қазақ ғалымы, ағартушы, педагог, этнограф, фольклоршы, Қазақстандағы педагогикалық білімнің негізін қалаушы. Ол дүниежүзі әдебиеті классиктерінің В.Шекспир, И.Гете, Д.Байрон, А.Пушкин, Н.Гоголь, М.Лермонтов, Ә.Фердоуси, Ә.Науаидің шығармаларымен етене таныс болды. Алтынсарин Орыс-қазақ мектептері, Торғай, Ырғыз уездерінде екі сыныптық орыс-қазақ мектептер мен қол өнер училищелерін ашып, халыққа білім беріп, орыс халқының көш алды ғылымы мен мәдениетін үйретуге тырысты. Осы мақсатта оқулықтар мен хрестоматиялар жазып, жаңа алфавит пен күнтізбені енгізді. Алтынсарин ел ішін мұғалім ретінде аралай жүріп, халықтың өте ауыр тұрмысын өз қолжазбаларында үнемі жазып жүрді және оның себептерін ашу жолында үлкен еңбек етті. 1879-80 жылдар аралығындағы жұт туралы ауқымды статистикалық материалдар мен дерек көздерін жинақтаған. Ол өркениетке бара бірден бір жол халық арасында білім мен ғылымды мәдениетті жетілдіру және жетістікке жету тек ғана сұхбат, қатынас арқылы жүзеге асады, сондықтан да озық ойлы халықтардан мәдениетті үйрену, жақсы әдептерге еліктеу керек деп есептеді. Сонымен қатар, ол қазақ халқын отырықшылыққа шақырып, белгілі бір кәсіппен шұғылдануын арман етті және осы мақсатта тәлім-тәрбиеге толы көптеген әңгімелер жазып, жастар бойындағы еңбексүйгіштікті, кәсіпшілікті, талғампаздықты оятуға ұмтылды. Кәсіппен айналысқан адамның тұрмысы оңды, жаңа заманға бейімделуі оңай болады деген қағиданы ұстанды. Негізгі шығармалары: оқулық «Қазақ хрестоматиясы» 1879, «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» дидактикалық оқу құрал.
-
Ян Чжу
(б.з.б. 395-335) – ежелгі Қытай философы. Өз ілімінде аңғал материализм айқындамасынан көрінді, діни түсініктер мен мәңгілікке сенуді сын тезіне алды. Оның пікірі бойынша, табиғат пен қоғамның барлық оқиғалары мен құбылыстары – оның өзі тағдыр деп анықтаған табиғи қажеттілік принципінің көрінісі. Сондықтан оның көзқарастарында фаталистік детерминизм элементтері кездеседі. Я.Ч. бәрі де өліп, құруға тиіс деген ой түйеді. Өмірдің орнына табиғи қажеттілікпен ажал алмасады, пайда болғаннан кейін жойылу келеді. Этикада өзінің сезімдері мен тілектерін барынша қанағаттандыратын жеке адам бірінші қатарға қойылады, сөйтіп өмірдің қазіргісін пайдаланып, ләззат алуға, өлгеннен кейін не болатынын ойлап бас қатырмауға шақырды. Алайда я.Ч. гедонизмі мен эвдемонизмі шектен шығып кеткен жоқ. Оның дарашылдығы конфуцийшілдік тұсындағы адамдардың этикалық және әлеуметтік сатыларына кері әсер етті.
-
Яссауи Қожа Ахмет
Қожа Ахмет Хазреті Сұлтан Яссауи (1093-1166 гг.) - суфизмдегі түріктік бағыттың негізін салушы, философ, ойшыл. Қожа Ахмет Яссауи Яссы (Түркістан) қаласында 1093ж., басқа деректерге қарағанда 1103ж., 1036ж., 1041ж. туған, ал 1166ж. Сайрам (Исфиджаб) қаласында өмірден өтті. Қожа Ахмет Яссауи алғашқы білімін өзінің әкесі шейх Ибрагимнен алады. Әкесі осы дүниеден қайтқанан кейін ханафи мазхабының белгілі өкілі Баха әд-Дин Испиджабидан тәлім-тәрбие алады. Осыдан кейін Отрардағы атақты Арыстан Бабқа білім алуға барады, ол сол кезде жергілікті мубайидиттердің жетекшісі болатын. Қожа Ахмет Яссауи өзінің ұстазынан өмірлік және рухани азықтан нәр алып, терең білімге ие болды. Ұстазы да осы дүниеден қайтқанан кейін ислам әлемінің тірегі болып есептелінетін Бұхараға жол тартады. Бұхарада Қожа Ахмет Яссауи рухани ұстаздары болып сол кездегі Орталық Азиядағы суфимнің белгілі өкілдері Әбу' әл-Фармази (Тусадан, 1084 ж. дүниеден қайтқан), кезінде Әбу' әл-Фармазидің Ахмед әл-Газали (1126 ж. дүниеден қайтқан) және Йусуф әл-Хамадани (1049-1140) шәкірттері болған. Ахмад әл-Газали - философиялық мистицизмнің тарихындағы белгілі философ, сунниттік бағыттағы теолог, фикх саласындағы ғұлама әл-Газалидің кіші інісі. Сол замандағы белгілі мистикалық мектепті басқарған және де өзінің өмірін Алла жолына арнаған келесі ұстазы атақты шейх Қожа Юсуф Хамадани болды. Оның толық аты Әбу Йакуб Йусуф әл-Хамадани әл-Бузакджирди. Қожа Юсуф Хамаданиден екі бұтақ тарайды - парсылық, Әбу әл-Халық әл-Гиждуваниден және түрктік сопылардың негізін салушы Қожа Ахмет Яссауиден.
Суфизм исламдағы жаңа мистикалық-аскеттік ағым. Суфизм Орталық Азияда IX – X ғасырларда кең етек жайды, көптеген сопылық тариқаттар қалыптаса бастады. Оларды басқаратындарды арабтілдес елдерде шейх деп, ал парсытілдес елдерде шейх немесе пір деп, түрктілдес халықтары арасында шейх, пір, ишан, баба, ата деп атады. Орталық Азияда неғұрлым кең тараған тариқаттарға - накшбандийа, йассавийа, кубравийа атты бағыттар жатады. Мубайидиттер, исмаийлиттер, караматтар шафий, ханафий мазхабтарымен қатарлас қызмет жасады.
Жан-жақты рухани білімнің негізінде Қожа Ахмет Яссауи суфизмнің негізін жетік меңгерген деген атаққа ие болып, кезінде Арыстан баб қалыптастырған дәстүрлерді әрі қарай жалғастыру үшін Яссы қаласына оралады. Осы жерде ол "Яссауи" сопылық тариқатты негіздейді. Оның ізбасары болып Арыстан бабтың ұлы Мансұр болады. Иранда Яссауи ілімін Қожа Бекташи таратады. Қожа Ахмет Яссауидің шәкірті Сүлеймен Бакырғани Хаким Ата да (Хорезмде 1186 ж. дүниеден қайтқан) болған. Қожа Ахмет Яссауи шәкірттері, сопылар, миссионерлер оның ілімін Түркістанда, Волга бойында, Хорасан, Әзербайджан, Кіші Азия халықтары арасында кеңінен таратты.
Қожа Ахмет Яссауи 63 жасында жер астына түсіп өмірінің аяғына дейін сонда өмір сүреді. Қожа Ахмет Яссауи мұны былай деп түсіндіреді: "Пайғамбар жасына 63 жасқа жеттім, мен үшін осы жеткілікті, Пайғамбар жасынан артық өмір сүрудің қажеті жоқ". Бізге жеткен аңыз бойынша, Қожа Ахмет Яссауи Аллаға құлшылық ету жолына түседі. Ол Яссы қаласындағы мешіттің қасындағы жер астына түсіп, бүкіл өмірін сонда өткізеді. 1166/67 ж.ж. Қожа Ахмет Яссауи қайтыс болады және әулие ретінде өзіне арнап салынған мавзолейде Яссы қаласында жерленеді, кейіннен ол жер мұсылмандар үшін киелі жерге айналады. Қожа Ахмет Яссауи негіздеген яссауи сопылық тариқаты және Түркістан қаласы Қазақстанның ортағасырлық рухани орталығына айналады. Ұлы шейх өмірден озғанан кейін өзі негіздеген сопылық тариқат белсенді түрде өз жұмысын әрі қарай жалғастырады, ал ол жерленген мавзолей Орталық Азиядағы ең киелі жерлердің біріне айналады. Кезінде Караханидтердің әмірімен салынған кесене монғол шапқыншыларының әрекетінің нәтижесінде қиратылады. Қожа Ахмет Яссауидің осы дүниеден қайтқанына 223 жыл өткенен кейін Әмір Темір (1336-1405) «Хазрет Сұлтан» мавзолейін салғызады. 1982 жылдан бастап ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Кезінде мавзолейде отыздан астам бөлмелер болған: мешіт, кітапхана, арнаулы рәсім жасайтын зал және т.б. бөлмелер.
Қожа Ахмет Яссауи өз еңбектерін алғаш оғыз-қыпшақ диалектісінде жазған түрк ойшылы болып есептелінеді. Еңбектерінің ішіндегі әйгілі және кең тарағаны "Диуан-и хикмет" ("Даналық кітабы"), "Мират-ул Кулуб" ("Жан айнасы")[ Қожа Ахмет Яссауи "Мират-ул Кулуб" ("Зеркало души") Анкара, Билиг баспасы, 2000. 114б.], "Пақыр-нама" ("Кедей туралы аңыз " (кедей деген парсы тілінде дервиш дегенді білдіреді). Бірақ бізге бірнеше варианты жеткен және неғұрлым көпшілікке мәлім еңбегі "Диуан-и хикмет" ("Даналық кітабы "), қыпшақ диалектісінің негізінде ескітүрк тілінде жазылған және жалпы түрктілдес халықтарының ортақ рухани мұрасына жатады. Аталған еңбекте яссауи тарикатының негізгі принциптері мен идеялары қарастырылған. Қожа Ахмет Яссауи "Диуан-и хикметінде" исламды насихаттап, мұсылмандықтың халықтың арасында кең таралауына себепші болған. Түрктілдес халықтарының арасында "Диуан-и хикметті" "Түрктердің Құраны" деп атаған, себебі олар мұсылмандықты және Құранды Қожа Ахмет Яссауидің "Диуан-и хикметі" арқылы қабылдаған, сондықтан түрктер оны "Хазреті Сұлтан" - "Қасиетті Сұлтан" деп атаған, ал Түркістан екінші Меккаға айналды. Қожа Ахмет Яссауидің хикметтері исламды насихаттаумен қатар түрктілдес халықтарды рухани бірлікке шақырған. Қожа Ахмет Яссауидің "Диуан-и Хикметі" – жай ғана сопылық діни әдебиеттің ескерткіші емес, сонымен қатар көнетүрк мәдениетінің де ескерткіші және де көптеген түркологтардың пікірінше қараханидтердің әдеби дәстүріне де жатады.
Суфизмдегі түрктік бағытты зерттеушілердің пікірі бойынша, Қожа Ахмет Яссауи негіздеген сопалық тариқаттың өзіндік ерекшеліктері бар. Қожа Ахмет Яссауи негіздеген сопылық тариқат рухани әдептілікті жетілдірудің шарты ретінде және Алланы танып білуде міндетті түрде шариғат, тариқат, хақиқат, мағрифат сияқты сатылардан өту. Шариат дегеніміз исламның ұстанымдарына сай ізетті өмір сүру, тариқат бұл күнделікті тіршіліктен бас тартып мистикалық жолға түсу, мағрифат мистикалық таным арқылы экстаз жағдайында уақытша Құдаймен жақындасу, хақиқат дегеніміз күнделікті тіршілік сұраныстарын тежеу арқылы өзін өзі жетілдіру, фана жағдайында тұрақты түрде Алламен сұхбаттасу.
"Диуан-и хикметте" шариғат, тариқат, хақиқат, мағрифатқа ерекше көңіл бөлінеді. Қожа Ахмет Яссауидің пікірі бойынша, шариғат, тариқат, мағрифатсыз хақиқаттың болуы мүмкін емес (яғни Аллахпен жақындасу). Руханилықсыз, шынайы өзін өзі құрбандыққа әкелусіз, тіпті қажет болса өмірін де қиюға дейін барусыз адамды, оның табиғатын анықтау мүмкін емес. Қожа Ахмет Яссауи аскетизмге, сыртқы дүниеден бас тартып, шыдамдылыққа шақырады, себебі бұл о дүниеде рахатқа бөлендіреді. Ол әруақытта да адамдарды әділеттікке, шынайылыққа, жақсылыққа шақырады. Түрк тілінің әдеби айналымға енуі де Қожа Ахмет Яссауидің есімімен тікелей байланысты. "Баба" деп аталатын халық арасында уағыз айтушылар Қожа Ахмет Яссауи ілімін Түркістанда, Әзербайджанда, Кіші Азияда, Анадолыда, Волга, Хорасан және басқа жерлерге де кең таратты. Қожа Ахмет Яссауи түрк халықтары арасында жаңа исламдық өркениеттің кең таралу жолын айқындап берді. Ол жаңа діни идеология мен тәңіршілдік пен шамандыққа, зороастрийлікке негізделген бұқаралық сананы ұштастыра білді. Бұл жерде яссауи тариқатының ролі ерекше, әділетілікті, әдептілікті, рухани тазару және адамның жетілдіруін насихаттау арқылы көпшілік көңілінен, түрк халқының көңілінен шықты. Қожа Ахмет Яссауидің осындай іс әрекетінің арқасында суфизм философиялық жүйе ретінде түрк халықтарының рухани танымымен дүниетанымымында ерекше роль атқара бастады. Егер де Қожа Ахмет Яссауиге дейін түрк халықтары Тәңірге құлшылық жасаса, ал одан кейін – Аллаға сене бастады. Суфизм арқылы түрк халықтары шығыс философиясын, әлемдік діндер философиясын тану мүмкіндігіне ие болды.
Қожа Ахмет Яссауидің сопылық тариқаты көбінесе ритуалдық-тәжрибелік сипатта болды және шариғат, тариқат, хақиқат, мағрифат сатыларынан өту мәселелеріне, олардың әрқайсысының мақамын, тұрағын айқындауға жеткілікті көңіл бөлінді. Қожа Ахмет Яссауидің сенімі бойынша мурид дервиш болу үшін, суфий дәрежесіне жету үшін барлық 40 мақамнан өтуі қажет. Қожа Ахмет Яссауидің ілімі бойынша 40 мақам 4 сатыдан - шариғат, тариқат, хақиқат, мағрифаттан тұрады, олардың әрқайсысының өзінің мақамдары бар, тұрақтар, әрқайсысы жеке 10 сатыдан тұрады және де сопының рухани-әдептілік жетілу жолы болып табылады.
Осы жолды өтудің негізгі кезеңдері шариғат, тариқат, хақиқат, мағрифатпен қатар яссауи тарқитының негізін зікрді орындау тәжрибесі – Алланы еске алу болып табылады. Орталық Азия мен одан да тыс жерлерде сопылық тариқаттардың ілімі мен тәжрибесінде зікр сопылық жолдың негізі болып табылады. Бұл тақырып Қожа Ахмет Яссауидің хикметтерінде де маңызды орын алады. Қалыптасқан әртүрлі түсінікке қарамастан барлығына ортақ нәрсе бар. Зікр бұл Алланы еске алу, ол сопының жүрегінде орын алып, жүрегінен жан айқайы болып шығады.
Қожа Ахмет Яссауидің "Диуан-и Хикметінде" «сама» деген сөзді жиі кездесуге болады. Әдетте суфизмде, бұл сөз музыканы тыңдау, билеу, көңіл көтеру дегенді білдіреді. Яссауи тариқатында «сама» деген зікр, намазды және Қожа Ахмет Яссауидің өзінің «Хикметтерін» оқуды білдіреді, оны орындаған кезде орындаушылар ән ырғағымен теңселіп тұрады. Байтенова Н.Ж.